Газеттерде болсын, электронды ақпарат құралдарында болсын журналист ағайындарға шығармашылық сипаттама бергенде батылдығы, шеберлігі, деректерді талдай білетін зеректігі туралы жиі айтылады. Өзіндік стилі қалыптасқан қабырғалы қаранардай тәжірибелі қалам иелерінің жөні бөлек.

Әңгіме соңғы жылдары ақпарат кеңістігінде «компьютерлік журналистика» дейтін ұғым қалыптаса бастағанында болып тұр. Қазақ басылымдарының көпшілігі «сиқырлы қобдишаны» ақтарып-ақтарып жіберіп, керек дүниесін алып, «қазақы шапан» кигізіп тасқа бастыра беретін болды. Ақпараттар тасқыны ой қорытуға мұрсат бермей, ағыл-тегіл келіп жатыр. Мұның оқырманның таным-түйсігін арттыратын жақсы жағы да бар. Бірақ журналистің өзі компьютердегі дайын дүниені алып беріп қана отырған операторға айналғандай әсер қалдырады. Сырттай қараған адамға оның оқырманнан айырмасы шамалы. Артықшылығы – қолында ақпарат құралы бар.

Бұл нарықтың заңдылығы дейді кейбір әріптестеріміз. Газет те, теледидар хабарлары да – тауар. Оны жұртшылыққа қызықты етіп жеткізу үшін, өзге басылымдармен бәсекеге өтімді болуы үшін заман ыңғайына сай болуы керек. Бұрынғыдай қаптаған цифрларды тізіп, пайыздық көрсеткіштерді алға тартып, құрғақ мадақтаудың күні өткен.

Мұндай пікірге еріксіз қосыласыз. Дегенмен ақпарат құралдарының қызметкерлері обалын кейде ескере бермейді. Сан алуан керекті-керексіз дүниелермен бас айналады.

Және ең бір сорақысы – орыс тілінен аударып беріп отырған материалдың байыбына бармайтыны. Не жазғанын өзі де түсінбегендіктен, қарапайым жұрттың басын айналдыратын қойыртпақ бірдеңе шығады. Орысша құрылған қасаң сөйлемдерден көз сүрінеді.

Республикаға танымал бір газеттен «Ресей тарихшысы Роя Медведьева…» деген сөйлемді оқып жағамызды ұстағанымыз бар. Ресейдің ақпарат көздерінен деректер алып мақала жазған журналистің Рой Медведьев деген атақты тарихшы барын білмегені, өресінің жетпегені көрініп тұр. Мұны оқыған оқырман не дейді?

Тағы бір мысал, Жеңіс күніне орай республикалық беделді басылымдардың бірі ардагерлер туралы топтама материалдар жариялады. Сонда бір ақсақалдың соғыс кезіндегі ерлігін баяндаған автор: «…Немістің 7-8 қолбасшысын қолға түсірді» деп жазады. Ау, бұл не деген шашылып жатқан көп қолбасшы? Сталинград түбінде фельдмаршал Паулюсті қолға түсіру үшін қаншама әскеріміз құрбан болды. Бұл кісі жалғыз өзі пәленбей қолбасшыны қалай тұтқындаған? Авторды, не бұл материалды дайындаған журналисті осындай сұрақтар мазаламағаны қайран қалдырады. Қарт майдангер немістің бір топ офицерін қолға түсірген шығар, үлкен адам жаңылып қолбасшы деп те айта береді ғой. Соны аңғаруға журналистің шамасы қалай жетпеген. Тасқа басылып кеткен шалағай ой еріксіз күлкі шақырады.

Күлкі дегеннен шығады. Жұртшылық жақсы білетін бір республикалық апталықтың қызметкерлі әнші Гүлзира Бөкейханқызынан сұхбат алыпты. Соның бір тұсында Гүлзира отбасы, бір баласы барын айтып отыр. Ары қарай журналист: «Сонда тіз тұрмысқа шыққан болдыңыз ғой?» деп «жаңалық ашып», сұрақ қояды. Күлесіз бе, жылайсыз ба?

Негізі тасқа басылған сөз – халықтың сөзі. Сондықтан мұндай мәселелерге ұсақ-түйек деп қарамай, мұқият ескергеніміз жөн-ау.

«Тілдік-стильдік талғам өздігінен келмейді. Ол да – тәрбиенің жемісі. Оқудың, дербес ізденудің нәтижесі. Осы орайда айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе – біздің жоғары оқу орындарымыздағы журналистер, аудармашылар даярлайтын факультеттерде, бөлімдерде (тіпті курстарда болсын) жазу және сөйлеу стилін қалыптастыруға, жастарды соған машықтандыруға жете мән берілмейтін сияқты.

Гәп тура осында. Телеарналардағы жас журналистердің көпшілігінің тілдік, стильдік шеберліктері қалыптастаған. Бірқатары өзінің алдында жұмыс істеп кеткен аға-апаларының ескі сүрлеуіне қайтадан түсіп алып, экраннан жүзін көрсеткенге мәз. Ізденіс, өзіндік үн, өзіндік қолтаңба көрінбейді. Білім таяздығы байқалып тұрады.

«Пәленбайыншы айдың түгенбайыншы күніне арналған ауа райы мәліметі» деген жауыр сөзді естігелі ондаған жылдар болған шығар. Тап бір ауа райын сол күнге лайықтап телеарна жасап беріп отырған сияқты. Осыны ешкім түзетпей жүр. «Пәленбайыншы күнгі ауа райы болжамы» немесе «сол күні ауа райының жағдайы мынадай болады» деу қиындық келтіре ме?

«Бізбен бірге болыңыздар», «Экраннан ұзап кетпеңіздер», «Назарларыңызға рахмет», «Эфирде әнші Пәленбаев мына әнімен болды» сияқты көптеген тіркестер орысшадан тікелей аударылып, қазақ тіліндегі жаттанды, құлақ кесетін қасаң, орашолақ эфир тіліне айналып алды. Жаңадан келген кез келген жас осыны қайталайды да отырады.

Республикалық телеарнаның бір журналисі өз хабарында «Көкшенің көрнекті ұланы Сәкен Сейфуллин…» деді. Сәкен сияқты бірегей ұлт қайраткерінің ірі тұлғасы мұндай ұғымға сия ма? Еріксіз қынжыласыз. Кейінгі кезде спорт хабарын жүргізетін журналистер «Және соңғысы» деген тіркесті ауыздарынан тастамайтын болып алды. Бұл да Ресей комментаторларының «И последний..» дейтін сөзі. Қазақша басқаша сөз саптауға болмай ма?

 Нұркен ТОҚАЕВ.