Бүгiнде мемлекеттiк тiлдiң ресми тiлден де, Қазақстандағы басқа да 130 этностың тiлiнен де ешқандай артықшылығы жоқ екендiгiн айқын байқаймыз, оны былай қойғанда құжаттық iс-қағаздар қай тiлде жүргiзiлетiнiне қарамастан қажеттi ақпаратты ресми тiлде де алуға кепiлдiк берiледi. Мiне осының астарына үңiле қарасақ, ана тiлiмiздiң мәртебесi биiктейдi дегенге сену қиын. Бәрi де «баяғы жартас бiр жартас» болып қала беретiн сыңайлы.

Бiр нәрсе анық. Қазақ халқының тағдыры мен талайы ана тiлiне көгендеулi. Ұлттық қасиетiмiз, болмыс-бiтiмiмiз, бәрi-бәрi ұлт тiлi мен ұлттық мәдениетке тiрелiп тұр. Сондықтан да бiз үшiн Президентiмiздiң «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессiн» деген ұсынысы бұлжымас қағидаға айналуы тиiс. Бiрде маған бiр дағыстан жiгiтi: «Қазақ тiлiнiң құрып кете жаздауына өздерiң кiнәлiсiңдер. Тiптi отбасында балаларыңмен орысша шүрiлдесiп отыратындықтарыңды қалай түсiнуге болады. Менiң балам осы ортада жалғыз. Бiз отбасымызда үнемi авар тiлiнде сөйлесемiз. Балам ана тiлiнде сөйлеп қана қоймай, Расул Ғамзатовтың өлеңдерiн жатқа оқиды» – деген едi.

Мен не дейiн, үнсiз қалдым. Айтып тұрғаны айна-қатесiз шындық. Бiр қарағанда, қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл дәрежесiне көтеру үшiн атқарылып жатқан жұмыста кiнәрат жоқ сияқты. Қазақ тiлiнiң ғылым тiлiне айнала бастауының алғашқы нышандарын аңғару қиын емес. Түрлi ғылым салалары бойынша сөздiктер дайындалып, техникалық және басқа да терминдердiң қазақша баламалары табыла бастады. Ендi, мiне, қазақ тiлi компьютер бағдарламасына енгiзiлiп отыр. Әр жердегi көптеген мекемелер құжаттарды бiрыңғай мемлекеттiк тiлде толтыруға көшкен. Ал оларға «бiз қазақша түсiнбеушi едiк, екi тiлде неге толтырмайсыңдар» – деп жатқан тағы ешкiм жоқ.

Тәуба дейiк, қазiр елiмiздiң қоғамдық өмiрiнiң қай саласында болмасын алға басушылық анық байқалады. Халықтың әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайы да бұрынғыға қарағанда көш iлгерi. Бұрын бiзге тұмсығын көтере қарайтындар қазiр қос қолын ұсынып, иiлiп келетiн болды. Қалай екен деп бар сырын iшiне бүгiп келгендер, ендi өз ертегiсiндегiдей жыл санап емес, ай, күн санап өсiп, нығайып келе жатқан елiмiздi, ертегi шаұарындай көркiне көз тойғысыз бас қаламыз – Астананы көрiп, таңғала тамсанып кетiп жатыр. Ертегiдегi батырлардай, күн, ай санап өскен елдiң iшкi сырын бiлгiсi келген кейбiреулер бас-аяғы бiрер жылда қазақ тiлiн үйренiп алып, өзiмiздi таң қалдыруда. Ал ел иесi, жер иесi – қазақтың белдi-белдi деп айтуға тұрарлық азаматтары сол баяғы қалпында жауырды жаба тоқып, қам-қарекетсiз жүр. Мiне, ана тiлiмiздiң мемлекеттiк мәртебе алғанына да он бес жыл уақыт өтiптi. Осынау уақыт iшiнде тiлiмiз өз елiнде өгей баланың күйiн кешiп, талай теперiштi бастан өткердi. Елiм, жерiм деген азаматтардың патриоттық сезiмiнен туған бастамалары аяқ асты етiлiп, материалдық жағдайдан әрiнi ойлай алмайтын рухсыз жандардың айы оңынан туып тұр. Республикамызда шамамен бiр жарым, екi миллиондай қазақ ана тiлiнде сөйлемейдi. Сөйлеген күнде де амандық-саулық сұрап, «иә», «жоқ» деп бас изеуден әрiге аса алмайды.

ұзектi өртер өкiнiш сол, қазақ тiлiнде қарсылықтың көкесiн Қазақстан Парламентi көрсеттi. Басқалар болса әңгiме басқа ғой, қандас депутаттарымыздың өздерi мемлекеттiк тiл мәртебесi бар ана тiлiмiздi бiр емес екi рет аяққа таптады. Халық жерге қарады. Мәжiлiсте 76 депутат болса, оның 60-ы қазақ, 15-i орыс ұлтының өкiлi, бiреуi татар. Ал Сенаттағы 39 депутаттың 31-i қазақ, 4-i орыс, 2-еуi немiс және 1 украин, 1 татар ұлтының өкiлi бар. Сонда деймiн-ау, қазақ тiлiне қарсы шыққандар кiм? Кiм екендiгi тайға таңба басқандай көрiнiп тұрған жоқ па?!

Сөйтiп, тәуелсiздiк алғалы маңдайынан соры ағылмаған тiлiмiздi ұлттық намыс пен жанашырлықтан жұрдай депутаттарымыз тағы тұралатты. Сексенге келген аталарымыз бес уақыт намаздан соң «қазақ тiлiнiң көсегесiн көгерте гөр» деп бата қылып отырғанда ел сенген азаматтардың мына қылығын түсiндiрiп айтуға тiл жетпейдi.

Тоқ етерiн айтсақ, заң шығарумен тiкелей айналысатын Парламент депутаттарының өзi заңды белден басып отыр. Мынаны қараңыз: 2001 жылдың 1 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодексiнiң «Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық» деген 81-бабында: «Лауазымды адамның тiл бiлмеймiн деген сылтаумен құжаттарды, сауал алуды, өтiнiштердi немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы – айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкелiп соғады» – деп көрсетiлген.

Демек, бұл «Тiл туралы» Заңды белден басқан кез келген министрдi, облыс, қала, аудан әкiмi, өндiрiс, шаруашылық басшысын «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» кодексi арқылы жауапқа тартып, шара қолданып жазалауға болады деген сөз. Яғни, ендiгi жерде тiл бiлмейтiн депутаттардың бұра тартушылығына көнiп отыра беруге болмайды. Ісi түбегейлi мемлекеттiк тiлде өткiзуден бастап, тiптi болашақта қабылдануы тиiс әрбiр заң мәтiнiнiң түпнұсқасын қазақ тiлiнде әзiрлеп, орыс тiлiне аударма жасау тәсiлiн қолдану керек. Ал заң мәтiнiн түсiну тiл бiлмейтiндерге қиындық туғызбас үшiн аударма және iлеспе аударма сапасын жақсартса жетiп жатыр.

Мiне, көрдiңiздер ғой, «балық басынан шiридi» демекшi, тiлге деген терiс көзқарас, жауапты iске деген солқылдақтық төрде отырған қалаулылардың өзiнен басталып отыр. Мәжiлiс пен Сенаттың регламентi осыдан жетi жарым жылдай бұрын жасалған (1996 жылғы 26 мамыр). Ал Елбасымыз «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңға 1997 жылдың 11 шiлдесiнде қол қойған, әрi бұл заң ерекше үстемдiкке ие. Яғни, Мәжiлiс депутаттарының регламентi Қазақстан Республикасының «Нормативтi құқықтық актiлер туралы» Заңның 27 бабына қайшы келедi. Қашан жаңа регламент қабылдағанша заңның мәлiметтiк тiлге қатысты тармағы өз күшiн жоюға тиiс болса да, депутаттар селт етер емес. Сонда бұл келеңсiздiк қашанға дейiн созылмақ.

Мемлекеттiк тiлдiң аяғынан тiк басып кетуiне кедергi болып отырған жайттың бiрi – аударма мәселесi. Көптеген ұжымдар мен министрлiктер құжаттарды екi тiлде дайындауға көшуге байланысты өз штаттарына қосымша мамандық орнын енгiзiп, аудармашылар ұстайтын болды. ұкiнiшке қарай, мұның бәрi мемлекеттiк тiлге деген жанашырлықтан емес, мәжбүрлiктен туған шаруа едi. Неге десеңiз, жоғары жақтағылар, министрлiктегiлер төменгi буын мекемелерiнiң, бiр-бiрiнiң құжаттарын қазақ тiлiндегi данасы болмаса қабылдамайды. Қабылдайтын құжаттың мемлекеттiк тiлдегi данасы болса болды, оның сапасын қатаң қадағалап, тексерiп жатқан тағы ешкiм жоқ. Кейбiр құжаттардың аудармасын оқығанда төбе шашың тiк тұрады. Жоғары органдарға келiп түскен құжаттар кейiн қайтарылса да, жаңылтпаш түрiнде қайта оралып жанды қинайтыны тағы бар,

Айталық, мына бiр сорақылыққа нендей уәж айтуға болады. Аяқ киiм тазалағыш щетка (Ресейден әкелiнген) қорабының сыртында жазылған анықтамаға зер салайықшы:

Орыс тiлiндегi мәтiнi: Предназначена для чистки изделии из пластмассы, обуви, кожанных изделий с целью придания им блеска, водостойкости и востановления цвета. Способ применения: удалить грязь легкими движениями губки нанести пропитывающей состав на обрабатываемую поверхность.

Аудармасы: «Аяқ киiмi және балғары заттары бағу үшiн губкасы әп сәтте жылтыры Пластмасса заттары, аяқ киiмi және былғары заттары тазалау үшiн. Бұл губка жылтыры, су табандылықты және түстi қайта қалпына келтiру бәрi»

Иә, мұндай шалажансар, жарымжан аудармаларды шетелден әкелiнген зат қораптарының сыртынан ғана емес, қала көшелерiндегi жарнамалардан да оқуға болады.

«Қайсыбiрiн айтып жылай берейiн» деп қиналады екен бiр әжемiз. Ашығын айтар болсақ, тiлдi кемсiтiп, кедергi келтiрудiң жан шошырлық әдiс-тәсiлдерi мен көрiнiстерiн әр саланың жұмысынан байқауға болады. Мәселен, елiмiздiң бiрқатар телеарналары қатiгездiктi, әдепсiздiктi насихаттайтын фильмдердi көрсетуiмен қоймай (мұндай фильмдер жұрт көретiн мезгiлде, ертерек берiледi), қазақ тiлiндегi хабарларды көпе-көрнеу түнгi 1-ден әрi қарай ысырған. Жарайды, берiлетiн хабар түрлерi түрлендiрiлiп отырса жақсы ғой. Ол жоқ. Мәселен, «31 канал» ғана емес, тәуелсiз телеарналардың көпшiлiгiнде орын алған. Аталмыш каналда журналист Берiк Уәли жүргiзетiн «Дода» пiкiр сайысы бағдарламасы берiледi. Рас, кейде журналистiң өзектi мәселенi ой талқысына ұсынып, келелi тақырыбына сүйсiнiп те қаласың.

Тек бағдарлама барысында саудагер адам кейiпiндегi, бiр қарағанда делқұлы жанға ұқсайтын бейне экраннан әлсiн-әлсiн қылаң берiп қалады. Сонда бұл адамның, дәлiрек айтсақ, кейiпкердiң атқарар рөлi қандай? Ол кiмнiң прототипi?

Мiне, осы бiр көрiнiстiң астарында халықты, оның тiлiн, дiлiн келемеждеу ниетiндегi жымысқы әрекет жатқан жоқ па. Бәлкiм, телеарна басшыларының терiс ниетi жоқ шығар, дегенмен қисынсыз әрекетi әркiмдi де осындай күдiктi ойға жетелейдi. Қазiр ол хабар көрсетiлмейтiн болды.

Қалай дегенмен де, телеарналар жұмысында орын алған өрескел кемшiлiктер жетерлiк. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңда:

«Телерадио хабарларын тарату арналарының меншiк нысандарына қарамастан олар арқылы мемлекеттiк тiлдегi берiлiмдердiң көлемi уақыты жағынан басқа тiлдегi берiлiмдердiң жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс» деп көрсетiлгенiмен, уақыт мерзiмi айқындалмаған. Заңның осы бiр тұстағы әлсiздiгi пайдаланған телеарналар қазақ тiлiндегi хабарларды түн ортасына шегерiп, халыққа көпе-көрнеу кедергi келтiрiп, ашықтан-ашық аяқтан шалуда.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiне келсек, құзырлы мекеме болсын мемлекеттiк тiлдi айналып өтуге тырысады. ұзге ұлттарды былай қойып, қазақтардың өзiнiң ықыласы шамалы. Баспасөз мәлiметтерiне сүйенсек, мемлекеттiк қызметкерлердiң 75-80 пайызы мемлекеттiк тiлдi бiлмейдi. Мемлекеттiк орындарға қазақ тiлiн пайдаланудың қазiргi үлес салмағы 4,7 пайызды ғана құрайды екен. Сонда не iстеуiмiз керек?

Менiңше, ешкiмдi де қазақша үйретемiз деп әлекке түсудiң қажетi жоқ. Ол үшiн депутаттарымыз қаласын қаламасын Амангелдi Айталының ұсынысын iске асыруға тура келедi. Бiз iстемесек келер ұрпақ осылай iстейдi, мемлекеттiк тiлдi қазiргi депутаттар қолдамаса, болашақ депутаттар қолдайды. ұйткенi бұл – уақыт, заман, жаңа дәуiр талабы.

«Шын жыласа соқыр көзден жас шығады», дейдi халқымыз. ұзiне қажеттi нәрсенi кiм де болса өздiгiнен үйренедi. ұткен Президент сайлауы кезiнде жақсы бастама басталды да, аяқсыз қалып қойды. Сол игi iс жалғасын тапса деймiз. Яғни, Елбасына сайланатын адамдардан бастап, әрбiр облыс, аудан әкiмдерi, тiптi әрбiр кәсiпорын басшылары осы жер-жерде құрылған лингвистикалық комиссияның сүзгiсiнен өткiзiлсе, әрi бұл ретте арнайы құрылған лингвистикалық комиссиялар солқылдақтық танытпай, мемлекеттiк тiлдiң мүддесiн ойлай жүрiп еңбек етсе, бiраз мәселе өздiгiнен шешiлер едi. Бұған Мемлекеттiң қызмет агенттiгi ұйытқы боса нұр үстiне нұр.

Нұркен ТОҚАЕВ.