Бүгінде жұртшылықтың біраз бөлігі сан қилы ақпаратты көз алдыңызға жіліктеп беретін ғаламтор желісін шемішкеше шағатын жағдайға жетті. Алайда, өзіміздің де, өзгенің де тарапынан өгейлікке ұшыраған қазақ тілінің ғаламтордағы халі мақтанарлық жағдайда емес.

Жаһандық ақпарат қайнарында қазақ тілді сайттардың саны өзге тілдермен салыстырғанда теңіздегі тамшыдай ғана екендігі белгілі. Ал онсыз аз сайтты тұтынушылардың қатары мүлде мардымсыз болып тұрғаны көңілді қынжылтады. Басқа кедергіні айтпағанда, жиырма бірінші ғасырда адамзаттың көзі мен құлағына һәм тіліне айналып келе жатқан ғаламтор желісінің өзі қазақ тілін тобықтан қағып жатқан жайы бар. Ресми мәліметтерге көз жүгірткеннен кейін осыны еріксіз мойындауға тура келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан көлемінде 500-ге тарта интернет сайт ең көп қолданысқа ие болса, соның бар болғаны 53-і ғана қазақ тілінде ақпарат таратады. Осы орайда, интернетті пайдаланушылардың 94 пайыздан астамы, негізінен, орыс тіліндегі сайттарға үңіледі екен. Олардың бар болғаны 4,5 пайызы ғана виртуалды кеңістікте қазақ тіліндегі ақпарат көздеріне жүгінеді. Халықтың ағылшын тіліндегі сайттарға шолу жасайтын бөлігі 1,1 пайызды құрайды.
Қазақ тілінде ақпарат тарататын сайттардың сапасы төмен екендігін айтпағанда, ондағы мәліметтердің мардымсыздығы да көңілге кірбің ұялатады. Бұл проблемамен, әсіресе, қалам ұстаған қауым жиі ұшырасып жатады. Қолдағы бар дүниемізді тұздықтай түсу үшін интернет атты «сауын сиырға» жүгінсек, ана тілімізде жөнді ақпарат ала алмай пұшайман күйге түсеміз. Амал жоқ, интернет «жарықтыққа» орыс тілінде тапсырыс берсек, «көктен іздегеніміз жерден табыла» кетеді.
Жарайды, ресми тілде дайындалған баспасөз парақтарын тәржімалап, орысша өтетін жиналыстардан қазақ аудиториясы үшін ой түйіп қайтуға журналистер дағдыланып алған делік. Өзге тілде жиған ақпаратты ана тілінде сайратып, тігісін жатқызып, жымын білдірмей жіберетін журналистер бар қазір. Алайда, қазақша ақпараттан көңілі қалған қарапайым халықтың бір бүйрегі бірте-бірте өзге тілге бұрылуы мүмкін екендігін қайда қоямыз. Виртуалды кеңістікте ана тілінде ақпарат алып жарытпаған ұрпақ «реальный» өмірде де қазақ тілінің беделіне күмәнмен қарайтындығы сөзсіз.

Нұркен ТОҚАЕВ.