«Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтыла салған жоқ. Сай-сүйегіңді сырқыратар
алуан түрлі өткір сөздер жанарыңды жағып, жаманыңды қағып жіберген. Қазақтың
шешендері осы тілмен ел билеген. Қара қылды қақ жарып, әділетті билік айтқан.
Қазақ тілінің қазақ ұлтына жасаған қызметін кім есептер? Ата-бабамыз ғасырлар бойы
заңды да, билікті де осы қазақ тілімен ұстап отырған. Би-шешендеріміз ел билігін
қазақ тілімен жүргізген, әр сөзді тұңғиық тереңнен тартып, шешімін ортаға салған.
Қазақ әділетті сөзге бас иіп, сөз құдіретіне табынған. Мақалдап-мәтелдеп,
түйіп-түйіп сөйлейтін басқа шешен тіл бар-жоғын білмеймін. Білерім, қазақ
сөздері керемет теңеулерден тұрады, ойдан шыққан асыл сөз ел аузында мәңгіге
қалып қояды. Осы қазақ тілімен билер орыспен де, қытаймен де, Батыспен де, араб
әлемімен де кеуде қағысып, құшақ жайысып қазақ дипломатиясын жүргізген. Қасты
да жеңіп, досты да таптырған осы — қазақ тілі. Қорғанысымыз да, ар-намысымыз
да осы тіл еді. Басқамен иық тіресіп, тең түсетін ұпайымыз да, елдігіміз де осы
тіліміз еді. Бүгін ол не болды?
Қазақ өз жері, өз елінде қазақ тілі, қазақ ұлты сақталсын деп дабыл қағады. Дабыл қағуға
мәжбүр. Есімізді жиып, елдіктің дабылына қосылайық. Қазақша сөйле қазағым
десейік. Қазақтың байлығы мен билігін иеленіп отырғандар, «қазақ тілі не керек,
қазақ тілі – отбасының тілі» деп мазақтайды.
Бізге осы орыс тілінде сөйлейтін радио, теледидар, баспасөз керек пе? Ғасырлар бойы
осыларсыз-ақ өмір сүргенбіз. Егер де қазақ тілі оларға керек емес болса, олардың
қазаққа тіпті де керегі шамалы. Мұны үзілді-кесілді тура айту қажет. Қазақ елінде
тек қана қазақ тілінің үстемдігі жүреді, шыдасаң сөйле, шыдамасаң «жолың болсынды»
айтатын уақыт жетті. «Америкадан келіп «Азат», Ұлыбританиядан келіп «Би-Би-Си»
радиолары қазақша қақсап жатыр, онда мына ішіміздегі «Еуропа плюс», «Русское
радио», «Авторадио», «Наше радио» және тағы басқалары неге тілімізді, елдігімізді
құртып барады» деген ой көбірек ойландырады. «Қазақтың құны көк тиын, сатып
аламыз» дейтін «жомарттардың» жолын кессек деген пікір қосамын.

Қазақ қазаққа жақсылық жасамаса, өзін-өзі қорғамаса, бізді кім қорғар? Біз елімізді,
жерімізді бабаларымыз қалдырған қалпында ие болып, сақтап қала алмадық. Жер
бетінде қыбырлаған қазақ қандылар, жоғалып бара жатқан тілімізді қайта көтеріп,
қан тамырына жан жүгіртіп, сақтап қалу – сіз бен біздің адал міндетіміз. Қазақтар
қарап отырып тілден айырылсақ, онда несіне егемен еліміз бар деп мақтанамыз?!
Қазаққа бүгін ғаламданудың жасанды өркениеті керек емес. Жарамызды жазып,
жоғалтқанымызды тауып, жыртығымызды жамап, ұлтымызды сақтап қалу – негізгі
мақсат. Жер шарының қандай да бір елінде тұрғыңыз келсе, бұл мүмкіндікке алдымен
сол елдің тілін, салт-дәстүрін, заңын түгелдей меңгерген жағдайда, оның үстіне
бірнеше сынақтар тапсырғаннан кейін ғана ие боласыз. Біздің «қара базар» болған
қазақ даласында ондай тосқауыл жоқ, есік те, төр де басқаға бұйырды. Келе бер
де кіре бер, ала бер де жүре бер. Бөтен елдің келімсектерінің табысы мен тіліне
мәз боламыз…
«Қазақ тілінде асықпай 10-15 жылдан кейін сөйлейміз» деп уақыт тоқтату – үлкен әбестік.
Кеше ғана тізесінен қан кешкен бабаларымыз, аттың жалы, түйенің қомында жүріп
осы қазақ даласын бізге қалдырған жоқ па? Бүгін біз бәрін өзіміз жасап алғандай,
көрінгенге төр беріп, табақтан май асатып жатырмыз, сол дұрыс па? Қазақ жерін
сақтап қалуға башпайының қаны тамған басқа ұлт бар ма?
Көзіне көрінгеннің бәрін менікі дейтін қазақсымақтар, тілді де менікі десеңіздер
қайда жүрсіздер? Бар дәулетті шашу оңай. Бір жапырақ жер, бір ұрттам су, бір ауыз
қазақ сөзіне зар болып кім екеніміз белгісіз, дұшпандарымыз түрткілеп, көзімізді
шұқитын күнді асыға күту керек пе? Осындай жағдайдан кеше ғана құтылған жоқпыз
ба? Өркениет өмірін көксеген байларға еліміз де, жеріміз де, тіліміз де көк тиын.
Оларға тек байлық қажет. Көршілер де солай. Отанын сүйген, халық тағдырына араша
тұрған, әділет іздегендерді бүгін бұзақы деген ат қойып, халықтан соларды аластату
саясаты жағы тынбай қақсауда.
Тіл қадірін қастерлеу, тіл құдыретінің төрелігін тыңдап, шешім шығару, қазақ тілінен
адасқандарға жол көрсету – бүгінгі әр қазақтың міндеті. «Өтпейтін пышақ жоқ,
қайрауы жетпейді» дегендей, қазақ тілі тағдырына жасалып жатқан жұмыстардың
ойлаған жерден шықпау себебі – көпті елең еткізер, басқаның басында ызыңдап
ұзақ тұрар жұмыстардың ұйымдастырылмай жатуында. Тілін іздеген ұлт ұлиды,
ұли-ұли біртіндеп құриды. Қазақ тілінің тағдыры қазақтың өз қолында.

Нұркен Тоқаев