Қазір жарнамаларда әйелдердің тәнін пайдалану белең алып барады. Телеарналарда кез-келген затты жарнамалау үшін әуретін ашып, жалаңаштанған қыз-келіншектерді көр­сетеді. Тіпті әлгі затқа бұл әйелдің қатысы қанша екенін түсіне алмай басың қатады. Әсіресе ол үй техникасы, косметикалық тауарлар немесе тамақ өнімдері болса бір сәрі, тіпті техниканы да әйелдің тәнін жалаңаштап жарнамалап жатады.

Теледидарды ақпарат алу үшін бәріміздің де көре­тініміз рас. Алайда айналаның бәрін жалаңаш әйел қаптап жатса, көзімізді зинадан қалай қорғаймыз?

Балаларымызбен бірге отырып көрген кинолардың ішіндегі әдепсіз қылықтарға бездей болып қарап отыра беретін болып барамыз. Мұны бір мен емес, мен танитын талай азаматтар айтып жүр. Исламға жат саналатын әдеп нормаларынан қоғамымыз аттап кеткелі қашан?

Бозбала күнімізден отбасының отағасына айналғанша қыз баласының бойжету­ процесінде «айлық қонағы» келетінін өз басым білмеген де едім. Ал қазір ол «бесік­тен белі шықпаған» балаға да құпия емес. Себебі «қа­натшалары бар олвейс ағып кетуден сенімді қорғайтыны» сәт сайын теледидарда жарнамаланып жатыр.

Ал Ислам тарихына үңіл­сек, асыл дініміз таралғанға дейін араб қоғамындағы әйелдің ешбір құқықтары жоқ еді. Тіпті ол кезде әйелі қыз туса қайғырып, одан құ­тылғанша асыққан. Себебі әйелді зат ретінде пайдалану кең етек алған. Тіпті бір әйел бірнеше еркекпен тө­сектес болатындықтан дүниеге әкелген баланың кімдікі екенін де білу мүмкін болмаған. Ислам келісімен осы теріс дәстүрге тыйым салды.

Жетінші ғасырдан-ақ Ислам әйелдерге білім алу құқығы, еңбек ету, мирасқорлық сияқты құқықтар берді. Құран Кәрімде «Ниса» (Әйелдер) сүресі бар, Еркектер сүресі жоқ. Ислам дінін­де Алла-тағала ер адамға әйелін, баласы мен ата-анасын, қолына қараған жақын туыстарын асырап, бағып-қағуды жүктесе, әйелге ондай міндет жүктелмейді. Өйткені, әйел өмірге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеу сияқты ешқандай жұмыспен салыстыруға келмейтін ұлағатты іспен айналысады.

Бірақ бүгінде әйелдердің жалаңаш тәнін жарнамалау арқылы біздер олардың құ­қықтарына қол сұғып отыр­ған жоқпыз ба деген ой ке­леді. Себебі жалаңаш тәнді әйелді көрген еркектің деле­бесі қозып, оның ойынан әйел бейнесі кетпей қояды. Тәндік ләззат алуды жарнамалар қайта-қайта еске салып тұрады. Осыдан барып қыз зорлау сияқты қылмыстар орын алады деп ойлаймын. Сондықтан жарнаманың мәні мен мағынасына үңіліп, әдепсіз жарнамаларды көр­сетуді тоқтату керек сияқты. Менің пікірімді иманды қауым құптар деп ойлаймын.

Құранның «Бақара» сүре­сі­нің 187-аятында: «Олар сендер үшін киім, сендер олар үшін киімсіңдер» деген. Киім адамды сырт көзден, суық пен желден қорғап, адамның кемшілігін жасырып тұратыны белгілі. Ер мен әйелді Алла-тағала бірін-бірі қорғап, кемшіліктерін жасыратын киімге теңеп отыр.

Бұл мәселені қоғам болып қалыпқа түсірмесек, ұр­пағымыз баяғы араб қауы­мындағыдай зинақорлық жайлаған қауымға айналып кетуі әбден мүмкін. Ұлымыздан ұят, қызымыздан қылық кетпесін десек, жалаңаш тәнді әйелді жөнсіз жарнамалауға тосқауыл қояйық.

Нұркен ТОҚАЕВ.

nurotau.kz/?p=1468