Жас күйші Мұрагер Сауранбаевты танымайтын қазақ кемде-кем. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, алып мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт мемлекет – АҚШ-ты қара домбыраны қапысыз қағумен-ақ таңдай қақтырып, Құрманғазының «Балбырауынымен» балқытып қайтқан еді. Міне, сол жас жігіт Мұрагер Сауранбаевпен сәті түсіп сұхбаттасқан едік.

– Мұрагер, күй – қазақтың төл өнері екені белгілі. Атадан балаға мирас болып келген қара домбыра әр қазақтың қолынан табылуы тиіс. Қалай ойлайсың, бүгінгі жас буын осы киелі өнердің қадірін лайықты бағалай алып жүр ме?

Менің ойымша, қазіргі таңда жастар өнерге, қазақы дәстүрге енді-енді көңіл бөле бастады. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда аз да болса, телеарналарымызда беріліп жүрген «Әлем арт», «Аламан айтыс» сияқты бағдарламалардың көрсетілуімен қазіргі жастар ән-күйге, жалпы қазақы өнерге назар аударатыны көңіл қуантады. Қазақтың күй өнерін түсіну үшін ең әуелі кәсіби білім, сосын үлкен жүрек керек деп ойлаймын.

– Домбыраны неше жасыңнан бастап үйреңдің?

Домбыраға 3-4 сыныптан бастап үйір болып, үйдегі домбыраны қолыма алып, талпынып үйрене бастадым. Тек 6-сыныпта ғана кәсіптік мектепке бардым. Өз басым домбыраны үйреніп, күй тартып жүргеніме сегіз жыл болды. Отбасымдағы адамдардың музыкаға еш қатысы жоқ. Домбыраға қызығушылығымның пайда болғанын көрген анам үйдің жанындағы музыка мектебіне берді. Ол мектепте біраз оқыдым. Алайда мен солақай болғасын сол жердегі оқушылардың оркестріне мені алмай қойды. Одан кейін бір жағдайлармен Алматы қаласына көшіп келдік. Алмалы ауданындағы балалар шығармашылығы орталығында тәрбиелендім. Райқұл Молдыбеков деген күйшіден сабақ алдым. Одан кейін де маған жақсы ұстаздар кездесті. Белгілі күйші С.Райымбергенов мені «Көкіл» мектебіне шақырып, үш жыл сол кісінің музыка мектебінде тәлім-тәрбие алдым. Сондай-ақ, Саян Ақмолда, Жарылқасын Аманов, Айгүл Үлкенбаева сынды ұстаздардан дәріс алып жүрмін. Осындай белді адамдардың себепкер болуымен күй өнерінің мән-мағынасын түсініп, біраз нәрсені үйрендім. Ұстаздарым домбыраның қыр-сырын үйретуден еш жалықпады. Мектеп қабырғасында да, университетте де көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Алғашқы кезде домбыра тартуды жай ермек деп санаушы едім. Қазір ондай жеңіл көзқарастан аулақ болып, ендігі жердегі болашағымды ұлтымыздың киелі қара домбырасымен бірге елестетіп, екінші мамандығым ретінде қараймын.

Әлі есімде, мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімізде сыныптағы кейбір оқушылар домбыра тартқанды онша ұната бермейтін. Ал мен домбырамды құшақтап алып, байқау, түрлі мәдени іс-шаралар қайда болса, мен сонда баратынмын. Ал қазіргі уақытта жастар, соның ішінде өзімнің қатарластарым «ана күйді тартшы, мына күйді орындап берші» деп қиылып, күй орындап беруді жиі сұрайды. Заман талабы сол шығар, замандастарымның бәрі дерлік эстраданың сүйемелдеуімен тартылған күйді (яғни, дэкко өнерін) жақсы тыңдайды. Қазіргі жастар қазақ өнеріне, қазақы салт-дәстүрге құрметпен қарап, өз мәдениетімізге бетбұрыс жасап келеді, десем артық айтпаймын.

– Өзің оқып, білім алып жатқан ҚМЭБИ-де қалталы адамдардың балалары оқиды. Қазақшадан гөрі, орысша сөйлеп, түрлі ойын клубтарына баруға құмар сондай ортада домбыраны қалай қабылдайды?

Домбыраның қадірін жете түсінбейтін шығар, деп мен де солай ойлайтынмын. Алайда, оңтүстіктен, Жамбылдан, Атыраудан келіп, білім алып жатқан балалардың бәрі домбыра десе, ішкен асын жерге қояды. «Бүгін концертте «Адай» күйін орындаймын» десем, сол студенттердің бірі қалмай келеді. Сахнада тұрғанында беу-беулеп қолдап, қол шапалақтап отырады. Ал қаланың балаларына эстрадамен сүйемелденген дүниелерді орындаймын. Мәселен, ҚМЭБИ-де өткен «Шоу-тайм» атты үлкен концертте Нұрғиса Тілендиевтің танымал күйлерінің бірін DJ-мен бірге орындадық. Сәтті шықты деген ойдамын.

Алғашқыда концертке қатысуға өзім сұранып баратын едім, ал қазір өздері мені шақырады. Студенттер де күй өнерін жақсы қабылдап, қара домбыраға сүйіспеншіліктері оянып келеді.

– Оқу мен домбыраны қатар алып жүру сен үшін қиын емес пе?

Мектеп бітіргеннен кейін консерваторияға түсемін деп ойлаған едім. Алайда мектепте бірге оқыған достарымның бәрі дерлік ҚМЭБИ-ге құжат тапсырамыз деді. Мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Сосын ата-анам да ойланып, сәті түсіп, орайы келіп тұрған соң, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтына құжат тапсыруымды дұрыс деп шешті. Екі жылдан соң бұл оқу орнын бітіріп, одан кейін консерваторияда музыкалық білімімді жетілдірсем деген ой бар. Өйткені, мен үшін күй өнері бәрінен қымбат. Біле білгенге, домбыра күй шертпейді, сыр шертеді. Әр күйде қазақ деген ұлы халықтың тыныс-тіршілігі, бүтін болмысы, бар рухы жатыр.

– Отбасың жайлы айтып өтсең…

Мен Жамбыл облысы, Меркі ауданының Тәтті ауылында дүниеге келдім. Әкем – Амангелді, кәсіпкер. Анам – есепші. Екі інім бар. Бірі – медицина университетінде оқиды. Екіншісі К.Байсейтіова атындағы музыка мектебінде білім алып жатыр.

–Жергілікті баспасөз беттерінің бірінде «Нұрғиса атаны пір тұтамын» деген екенсің. Бұл сөз қаншалықты рас, өтірігін өзің айтып берсең…

Жоғарыда айтқанымдай мен домбыраны сол қолыммен тартамын. Нұрғиса Тілендиев атамыз да домбыраны сол қолымен тартқаны бәрімізге белгілі. Сондықтан да күй өнерінде керемет күйші, нағыз шығармашылық адамы Нұрғиса атамызға ұқсап бағамын, еліктеймін. Ол кісінің көзін көрмесем де, аяулы жары Дариға апамызбен, қызы Дилапамен араласып, қара шаңырақтарына жиі барып ол кісілердің батасын алып тұрамын. Былтыр Гонконг қаласында Н.Тілендиев атындағы халықаралық конкурс болды. Осы байқауға солақай екі күйші қатысыппыз. Елдің бәрі «Гран-приді» солақайлар алады, деп болжап жатқанда, жүлде екінші солақай күйшіге бұйырып тұрған шығар, деп жорамалдағам. Алайда сол жүлде менің бағыма жазылып, сол сапарда олжалы болдым. Жас та болсам, өз деңгейімде бағындырған өз биігім бар. Сол биіктен көрінуіме, Нұрғиса Тілендиевтің орындауындағы күйлерді жаттап, мұрағаттағы таспаларын тыңдап, қай күйді қалай орындағанын аздап зерттегенімнің де пайдасы тиген сияқты.

Нұркен Тоқаев,
«da Казахстан» журналы, №12.2008 ж