Қазіргі заманда жолаушы тасымалдайтын автокөліктердің түрі де, саны да көп. Алматы қаласында жеке фирмалардың таксилері оған қоса жеке меншік таксилер, қала сыртына қатынайтын жолаушы тасымалдайтын қаншама автокөліктер бар.
Бұл автокөліктерде барлық жағдайлар жасалған, өте ыңғайлы, кез келген ауа райында жүре береді. Сонымен қатар автокөліктердің түр-түрі де, іші-сыртының сымбаты да, жайлылығы мен жүректігі де өте керемет.
Жолаушылар ең көп мінетін жоғарыдағы көліктерде микрофон, магнитофон, радио, телевизор жеткілікті. Ал осы техникалық құралдар сананы улап, жүйкені тоздыратын орысша немесе шет тілінде сөйлеп, қазақ ұлтының болашағына балта шауып жатыр Автокөліктердегі жүргізуші де, кондуктор да көбінесе қазақ ұлтының азаматтары. Оларға техникалық құралдар, біріншіден, аялдаманың атын айтуға, автокөліктің қай бағытта жүруін хабарлауға және музыка тыңдап, бейне көруге қажет болса, екінішіден, үгіт-насихат, идеология үшін де қажет нәрсе екенін білуіміз керек. Мұны білетін саналы не жүргізуші, не кондуктор жоқ, ақыл-ойы ақша табу. Өзіміз мінетін автобустар мен таксилердегі кейбір “жетесіз”, “ойсыз”, “намыссыз” жүргізушілерге: “Өздеріңіз қаракөз қазақ ұлтының азаматы екенсіздер, музыканы не қазақшаға, болмаса телерадио хабарын “Қазақ толқынына” (бұл толқында барлық тілде хабар болады) қоймайсыздар ма?” десек, “жұмысың болмасынды” айтады. Сонда олардың мақсаты тек көлі айдап, ақша табу емес, өз елінің тілін, ділін, дінін, әдеп-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетәін, өнерін, өлең-жырын, күйін, болмысы қазақ ұлтына жеткізуші, ұлтжанды азамат болу керек екенін неге білмейді.
Енді ғана еңсемізді көтеріп ел болып, жас ұрпақ өз тілінде қанат қағып келе жатқанда, көпшілік жерлерде шетелдіктердіңм сөзін, әнін, әдебиет және сұрықсыз мәдениетін естіп көрсе, соларға еліктеп жас қанаты қайырылмай ма?
Құдайға шүкір деп айтайық, елдегі мекен-жайлардың, көшелердің аттары өзгеріп, біздің ұлы бабаларымыз бен ел үшін қызмет еткен азаматтарымыздың аттары қойылды. Ал біздің кондуктор бауырларымыз бұл өзегрістерді не білмейді, білсе де аялдамалары мен тұрақтардың ескі аттарын орысша хабарлайды, ал төлемақы алса “Подготовьте деньги за проезд” немесе автобус ішінде “за проезд” деп шауып жүреді.
Аялдамаларды, тұрақтарды қазақша айтып “Жол ақысын беріңіздер” – десе тіліне шиқан шығар ма? “Әрі жұрттың құлағы үйренеді (көп ұлтты елміз), неге қазақша сөйлемейсіз?” десең, “онда тұрған не бар, орысша үйреніп қалғанбыз” деп жауап қайтарады.
Көпшіліктің көп баратын жерлері базарлар, дүкендер, вокзалдар болғандықтан, оларда да қазақша сөздер болу керек, Өкінішке орай, олардан да не орысша, не басқа тілдерде сөздерді, хабарламалар мен музыканы естисің.
Ел де, жұрт та, базар да, автокөлік те, аспан да, жер де – бәрі-бәрі қазақтікі емес пе, кіме қорқып, кімнен қаймығамыз, неге жалтақтаймыз?
Егемендік алғанымызға да 15 жыл толды.
Болашақтың ұл-қыздарын, азаматтарын, таза өз ұлтымыздың тілінде сөйлейтін ұлтжанды етіп баулитын уақытымыз жетті емес пе?
Автобустар, жолаушы тасымалдайтын автокөліктер және көпшілік орындар да кейде қазақша ән-жыр естілсе, марқайып, биіктеп, көңілің, рухың көтеріліп қалады.
Тіл – ұлттың ғұмыры, ол – саясат және идеология. Басқа тілдегі сөздің де, бйне көріністің де мақсаты біздің тілімізді жою, әдет-ғұрып, болмысызды және әдебиет пен мәдениетімізді жолдан шығарып, өзімізді мәңгүрт етуге бағытталған, өте қатерлі саясат пен идеология деп білемін. Соныдықтан рсепубликалық, қалалық, облыстық әкімшіліктің сяасат-идеология бөлімдері және ақпарат құралдары белгілі бір дәрежеде шара көрсе екен деймін.
Сонымен, құрметті қазақ ұлтының өкілдері, ұлтжанды азаматтар, жолдарда, көліктерде, базарларда немесе, қандай да бір көпшілік орындарда болмасын, өзіміздің тәуелсіз Қазақстанның туын жоғары көтеріп, елдің тізгінін ұстайтын ұл-қыздар екенімізді ұмытпай өз ана тілімізде сөйлеп және басқа да бауырлас ұлттарды тілімізге тартып, үйрете білуіміз керек қой деп ойлаймын.

Нұркен ТОҚАЕВ,
Алматы қаласы.