Жақында Қызылорда қаласында таңғажайып оқиға орын алды. Осы қалада тұратын Мәдина Әбілқайырова деген 18 жасар бойжеткеннің денесіне бір түнде ғайыптан Құран сөздері жазылып шыға келген. Таңғажайып оқиғаға куә болған Ақылбек Сыздықов: «Мен көптен бері табиғатта пайда болып жатқан мұндай ерекше құбылыстарды, таңбаларды зерттеп жүргендіктен, Мәдинаның жағдайын ести сала, өзін арнайы барып көріп қайттым», – дейді.


Ақылбектің айтуына қарағанда, Мәдина білегіне Құран жазулары түсерден біраз күн бұрын ауырып қалыпты. Арада бір апта өткенде таңертең оянған Мәдина қолында әлдебір таңбалардың пайда болғанын көреді. Ата-анасы мұның сырын білу үшін Мәдинаны жергілікті мешіттің имамына алып барған екен. Имам оның «Бисмилләһир рахманир-рахим», «Аллаһуәкбар» деген ұғымды білдіретін арабша жазу екенін айтып берген. Бір қызығы, әлгі жазу өзінен-өзі өшіп, көмескіленіп барып, қайта жаңарып отырған. «Мәдина – киелі есім, – дейді Ақылбек Жаңабайұлы. – Мәселен, Мұхаммед пайғамбар Мәдина қаласында жерленген. Бұл оқиғаның тура Мәуліт айының қарсаңында орын алуын Алла тағаланың адамзатқа көрсеткен кереметі деуге болады. Тағы бір таңғаларлық жайт – өткен жылы дәл осындай уақытта Дағыстанның Кизляр ауданындағы «Қызыл Октябрь» деген елді мекенінде Әли есімді жас нәрестенің денесіне де Құран жазулары таңбаланған еді.

Сол кішкентай Әлидің анасының есімі де Мәдина болатын. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде?.. А.Сыздықов мұның елімізде орын алған ерекше оқиға екенін, ғалымдарымыз бұл жағдайға немқұрайды қарамай, арнайы зерттеу жүргізуі керектігін айтады.

Нұркен ТОҚАЕВ.

http://www.alashainasy.kz/?p=30579