Ән – қазақтың бағына берген асыл қазынасы. Ән – ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Ғасырлар қойнауынан тамыры үзілмей жалғасып келе жатқан дәстүрлі әндерде өткен алмағайып кезеңдердің айқын белгісі жатыр. Қазақтың дәстүрлі әнінің тарихы VII-VIII ғасырларда өмір сүрген Қорқыт бабамыздан да тереңірек бастау алатын секілді. Ал, осы абыз бабамыздың қобызда орындалатын күйлері қай уақытта нотаға түсіп, қай жерде сақталған? Тек оның асқан күйші-қобызшы болғанын Рашидедин, Абылғазының тарихи деректерінен ғана біле аламыз. Бүгінде халықтың әуеніне айналып кеткен дәстүрлі әндердің кезінде өз авторлары да болған. Алайда, сол композиторлардың дүниеге келген әні елдің санасында жатталып, қағазға қатталып халықтық әнге айналып кеткен. Өткен ғасырда қазақ даласын кең аралап, оның бай ауыз әдебиетін жинаған Потанин, Радлов секілді орыс ғалымдарының еңбегі бір төбе. Мысалы, музыка зерттеушісі Затаевич ат арбаға мініп, дала кезіп жинаған 1926 жылы «Қазақтың 1000 әні», 1935 жылы «Қазақтың 1500 ән-күйі» деген атпен жарық көрген еңбектерінің өзі неге тұрады? Демек, дәстүрлі әннің сарынын ұғып, түсінген өзге ұлт өкілдеріне мың алғысыңды білдіресің. Ал, біз атадан қалған асыл өнерді қалай түсініп, бағалап жүрміз дегенде, еріксіз тіліңді тістеп қаласың.
Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Осы мол байлығымызды түгендеп, сараптап елге том-том кітап етіп шығарар мезгіл жеткені қашан?! Халық композиторларының бір-біріне ауысып жүрген әндері де қаншама. Осылардың мүмкіндігінше, ара-жігін ажыратып, халық әндеріне үлкен жанашырлықпен қараса, артық болмайды. Мұны тез арада қолға алмаса, халық сазгерлерінің біраз жылдан соң ел жадынан ұмыт қалуы әбден мүмкін. Қазақтың дүлдүл әншісі Жәнібек Кәрменов 1991 жылы шыққан «Қазақ әндерінің антологиясына» алғы сөзінде:
– «Халық композиторларының өмірі мен өнерін, творчествалық ерекшеліктерін ашатын монографиялық еңбектерге, арнайы оқулықтарға, орта және жоғары музыкалық оқу орындары күні бүгінге дейін зәру екенін айту парыз. Асыл мұраға ыждаһаттылықпен қарап, оны ұрпақтың игілігіне айналдыру – басты міндет. Олай болса, ән-жырымыздың кем-кетігін толтыру, қадір-қасиетін көздің қарашығындай сақтау бәріміздің, баршамыздың қасиетті парызымыз», – деп жазған болатын. Одан бері көп жылдар өтсе де, олқылықтың орнын толтырар үлкен шаралар атқарыла қойған жоқ.
Шалқар даланы сазға бөлеген Біржан, Ақан, Мәди мен үкілі Ыбырай, Сегізсері, Әсет, Қапез, Салғарлар салған әндер – қазақтың бай мұралары. Кезінде Париждің төрінде қазақ әнінің құдіретін танытқан Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиевтар тереңнен тартқан текті өнердің бекзат болмыстары болатын.
Бүгінгі таңда жастар дәстүрлі әндерді эстрада жанрына жақындатып жүр. Олардың арасында сәтті және сәтсіз шыққандары да бар. Ойы орамды, сөзі толғамды келетін жыраулардың термесін қара домбырадан тыңдағанда ерекше әсер аласың. Ал, эстрадаға көшкенде ұлттық нақышынан ажырап қалады. Мысалы, Асан қайғы бабамыздың «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады» атты термесіне жазған әуен, құнарлы сөзге үлкен обал жасаған. Сол сияқты Абай атамыздың «Сегіз аяғын» Жүсіпбек Елебеков «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым, тап шыңым» көкірегі қарс айыратын өкінішін образға кіріп, жанын жеп айтатын. Осы өлеңді эстрадаға көшіргенде, бар бояуын жоғалтып, жеңіл әуенге айналып кеткен. Алайда, дәстүрлі нәзік иірімдерін сол қалпында сақтауға өте шеберлік керек. Ән табиғатынан ажырамауы қажет. Және қазақ әндерінің сөзіне де сақ болған жөн. Кейде біздің әншілеріміз не айтып тұрғандарын өздері түсінбей қалатын секілді. Содан кейін халықтың талғамын төмендетеді. Домбырамен айтылатын дәстүрлі ән – ұлттың ерен рухы. Қазіргі өтіп жатқан концерттердің дені эстрада мен классикалық музыкалардан тұрады. Қазіргі жастардың дені жеңіл-желпі әнге үйір. Жастар шетелдің дәстүрлі әнге шекесінен қарайтын әуендері «Поп», «Рок», «Джаз» деген музыкаларды сүйіп тыңдайды. Бұған таң қалатын да ештеңе жоқ. Бұл – елімізге ентелеп кірген мәдени экспанцияның жемісі. Біздің телеарналар ұлттық өнердің тарландары Әміре, Жүсіпбек, Манарбек, Дәнеш секілді күміс көмей әншілеріміздің өмірі мен өнері жайлы хабарларды жиі шығарса нұр үстіне нұр болар еді. Теледидар демекші, ертеректе белгілі жазушы Ақселеу Сейдімбек пен Жәнібек Кәрменов екеуі жүргізген музыкалық сұхбатты көрермендер қызыға көретін. Сол мәслихатта айтылған ойлар мен толғаныстар құндылығын әлі де жойған жоқ.
Дәстүрлі өнер – ұллтық тәрбиенің негізі. Ұлттық уызға жарып өспеген бала қазақтың әні мен күйін бойына сіңіре алмайды. Дәстүрлі әндер кірпияз жанр. Дәстүрлі әндерді «әу» деген еріккеннің ермегіне айналдыруға болмайды. Бәріңіз білесіздер ұлттық өнердің жаршысы болып жүрген «Қазақстан» телерадио корпорациясының ұйымдастыруымен өткен «Інжу-маржан» дәстүрлі ән кеші көпшіліктің көңілінен шыққан болатын. Бұл ұлттық арна бұдан бұрын «Қазақтың 100 әні», «Қазақтың 100 күйі» секілді ірі жобалар жасап, дәстүрлі өнерімізді насихаттауда үлкен істер атқарып жатқаны мәлім. Алайда қазіргі күні ұлттық ән-өнерімізді дәріптейтін осындай игілікті істің жалғасын таппауы өкінішті-ақ. Қазіргі кезде әншілік мектебін жалғастырушылар, атап айтқанда Мұхит мектебін дәріптеуші Қатимолла Бердіғалиев, Жетісу ән дәстүрінің өкілдері Ақан, Тілеулес, Арқа мектебінің байрағын көтеруші Ербол Сарин, Айтбек Нығызбаев сияқты әншілер нағыз өнер дүлдүлдері. Қазір Қазақ теледидарынан жұртшылық дәстүрлі әнді тыңдаудан қалды. Қай арнаның құлағын бұрасаң да көңілден шықпайтын, жүрекке жетпейтін бейнеклип пен түсірілген эстрадалық әуендерді тыңдайсың. Ондай даңғаза әндер кімнің де болсын санасына сезім шуағын төкпесі хақ. Сондықтан телеарналарда қазақтың айбынын гүлдендіретін, дәстүрлі халық әндеріне көбірек орын беру керек сияқты. Өйткені, жақсы ән – қашан да жан азығы емес пе?
«Әннің де естісі бар, есері бар» деген екен Абай атамыз. Атадан қалған асыл мұрамызды көздің қарашығындай қорғап, ертеңгі ұрпаққа жеткізу – бәріміздің парызымыз. Бабалардың сырлы жүрегінен туған дәстүрлі әндер жер бетінде қазақ деген ұлт барда мәңгі жасай бермек.


Нұркен ТОҚАЕВ

www.kazakhmiras.kz/index.php?mod…id…